Qarip
Лицензия түрлері

Лицензия түрлері

Ауторы: Абай Емес

27.05.2023


Кез келген қаріп — біреудің зияткерлік меншігі. Интернеттен қаріп жүктеп алсаңыз, міндетті түрде лицензиясын тексергеніңіз абзал. Лицензияға байланысты қаріптің шектеулері болады. Ақылы қаріпті бір жерден тегін жүктеп алып, оны біреуге коммерциялық лого жасау үшін қолдансаңыз, ертең сол үшін қаріп төлиесі сізді сотқа бере алады. Бірінші бөлімде тегін қаріптердің қандай лицензия түрлері болатынын түсіндіремін.

SIL Open Font License (SIL OFL)

Тегін қаріптердің ең жиі кездесетін лицензия түрі — SIL OFL. Ашық қаріп лицензиясы деген, сіз бұл қаріпті жеке және коммерциялық мақсатқа тегін қолдана аласыз деген сөз. Сонымен қатар қаріпті өзгертуге және таратуға хақыңыз бар. Бірақ қаріптің өзін сатуға болмайды, және қаріптің ауторлық құқығын иелене алмайсыз. Қаріптің өзін сатуға болмаса да, оны сатылатын тауарларға енгізе аласыз. Мысалы:

  • ақылы қосымшаларға;
  • коммерциялық сайттарға;
  • ақылы ойындарға. Қаріпті өзгерткеннен кейін оның лицензия түрі өзгермеуі керек, және қаріптің бастапқы атауына қосымша сөз жазу керек. Мысалы «FontName» деген қаріп болса, сіз жасаған жаңа нұсқада «FontName X» деген жаңа атау болады делік.

Apache License

Бұл лицензия бойынша қаріпті дәл OFL-дей жеке hәм коммерциялық мақсатқа қолдануға болады, бірақ жобада осы лицензиясы бар қаріпті қолдансаңыз, бір жерде болсын қаріптің аутырын атап кетуіңіз керек. Қаріпті қолданбада немесе сайтта қолдансаңыз, «NOTICE» деген мәтіндік файылда ауторды атап кетуіңіз керек. Қаріптің жаңа, өзгертілген нұсқасын жасасаңыз да сол, қаріппен бірге «NOTICE» мәтіндік файлы жүруі керек. Бұл лицензия туралы толығырақ оқу үшін apache.org/licenses/LICENSE-2.0 сайтына өтіңіз.

Creative Commons (CC)

Бұл лицензия түрі қаріптерге ғана арналмаған. Лицензиямен неше түрлі медиа контент табуға болады. (Сурет, бейне, әуен және т.б.) Creative Commons лицензиясы бойынша қаріпті кез келген адам қолдана алады, бірақ әр қаріптің өз қолдану шарты болады. Негізі Creative Commons-та алты лицензия түрі бар, оның әрбірін түсінідіре алмаймыз, бірақ бір нәрсе анық — бұл лицензия бойынша қаріпті жеке және коммерциялық мақсатқа тегін қолдануға болады. Тегін болғанымен, СС лицензиясының бір шарты бар: қаріпті қолданғаннан кейін оның ауторын жобаның бір жерінде болсын атап кетуіңіз керек.

Public Domain (CC0)

Creative Commons лицензиясының бір түрі — CC0, демек қоғам мүлкі. Бұл лицензия түріне жататын кез келген контентті адам толықтай өз қалауы бойынша қолдана алады, шектеу жоқ. Тек бір шарт, қоғам мүлкіндегі қаріптің ауторлығын «менікі» дей алмайсыз, әрине. Қаріпті өзгертіп, оның негізінде жаңа қаріп жасасаңыз, жаңа қаріп сіздің ауторлық құқығыңыз болады. Толығырақ оқығыңыз келсе creativecommons.org/public-domain/ сілтемесіне өтіңіз.

EULA (Дербес лицензия)

Бұл лицензия бойынша аутор өзі шарт/шектеу қояды. Қаріпті қандай мақсатқа тегін қолдануға болады, ал қандай жағдайда ақша төлеу керегін рұқсатнамада жазады. Дербес лицензиянының шарттары қаріпті жүктеп алатын жерде, немесе қаріптің өзімен бірге жүреді. Мысалы: қаріпті жеке мақсатқа ғана қолдануға болады, немесе тек ұсақ жобаларда қолдануға болады деп шектеу қойып қоя алады. Сондықтан лицензияны мұқият оқу керек. EULA — End User License Agreement

Freeware

Бұл лицензия бойынша қаріпті толықтай тегін қолдануға болады. Дәл қоғам мүлкіндей. Бірақ қоғам мүлкінен айырмашылығы — бұл лицензия бойынша қаріпті өзгертуге болмайды.