Qarip
Сызықша түрлері

Сызықша түрлері

Ауторы: Абай Емес

25.06.2023


Сызықшаның бірталай түрі бар болса да, оның бәрін білудің керегі жоқ. Басты үш-төртеуін білсек жетеді. Дефис һәм қысқа мен ұзын сызықша. Қай сызықты қалай һәм қандай жағдайда қолдану керегін түсінідіріп көрейін.

Дефис (Hyphen)

Екі жағына да, еш жағдайда бос орын қойылмайды. Қос сөз, күрделі сөз, тасымал және т.б. жағдайда, сөзді тіркестіру үшін қолданылады. Дефис арқылы тіркескен сөздерді тасымалдамаған жөн. Мысалы: қап-қара, үсті-басы, 5-тарау және т.с.с.

Бес тарау: 5 тарау✅ Бес тарау: 5-тарау❌

Бесінші тарау: 5-тарау✅ Бесінші тарау: 5 тарау❌

Бесінші тарау: V тарау✅ Бесінші тарау: V-тарау❌

Азайту белгісі (Minus)

Азайту белгісінің де екі жағына бос орын қойылмайды. Математикалық есеп, теңдеу, және т.с.с. жағдайда цифрмен бірге ғана жүретін таңба. Мысалы: 12−10=2, −99% жеңілдік.

Қысқа сызықша (N-dash)

Мекен, уақыт, сан шендестігін білдіретін сөздердің арасына қысқа сызықша қойылады. Мысалы: 1–2 ақпан, 2000–2022 жыл, Алматы–Астана темір жолы, 10–15 км, 40–45 минут, XX–XXI ғасыр, және т.с.с.

Ұзын сызықша (M-dash)

Бастауыш пен баяндауыш арасына;
Бірыңғай мүшеден кейін келген жалпылауыш сөздің алдына;
Диалог төл сөздің алды-артына, тырнақшаға алынған төл сөздің артына;
Жалғаулықсыз салалас сөйлем арасына;
Оңашаланған айқындауыштың алдына қойылады. Сызықша тұрған жерде сәл кідіріс пайда болады.

Мысалы: Ұстаз — ұлы тұлға; Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы; — Иә, иә,— деді мистер Дурсли жүрегі аузына тығылып. — Иә, оның да жөн шығар;

Екі жағына жай бос орын емес, қысқа бос орын қалдырған жөн болады. Бірталай қаріпте екі жағына мүлдем түк қоймай-ақ қоюға болады, себебі қаріп дизайнері таңбаның өзіне арнайы бос орындар құрастырып қояды. Оған қоса, сызықшаны келесі жолға өзін жалғыз тасымалдамаған абзал.

Қандай сызықшаны қалай қолдану керегін түсіндіре алған сияқтымын. Ұмытып қалмас үшін, жазбаға лүпіл басып, сақтап қойыңыз. Ақпарат пайдалы болса, достарыңызбен бөлісе салыңыз. Келесі кездескенше, сау!